БАПАНОВТАР КӨРМЕСІ «АСПАН»
«Шығармашылық – адамзат рухының молдір бұлағы. Өнер – халықтың жүрегі. Білім – халықтың ой-өрісі. Адамзат баласы парасаттылық пен даналықтың арқасында бір-бірімен етене жақын болып, бірін-бірі түсіне алады»
Адамның ішкі рухынан туындаған өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сол халықпен мәңгі жасайды. Бапановтар жанұясы да осы өнердің сабақтастығын жалғастырушы және оны дәріптеуші. Қазақ өнерінің өркендеп дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып келе жатқан Әлібай мен Сәуле Бапановтар туған жердің топырағынан нәр алып, ана сүтімен дарыған киелі өнер арқылы қазақ болмысын әлемге паш етіп келеді. Ал олардың ұлы Ағын бүгінгі күні әкесі мен анасының өнердегі ізін басып, оған жаңаша заманауи серпін беріп, бүгінде өнердің дамуына өзінше үлес қосуда.
Әлібай мен Сәуле Бапановтардың жүректерінің өнер деп соғуы оларды өмір дариясында бірге жұп болып жүзуіне себеп болды. Әлем жаратылғалы бері бұл дүниедегінің барлығы жұптарымен жарасқан. Суретшілерді бір-бірімен табыстырған қазақтың киелі өнері олардың тағдыры іспеттес. Өнердегі қос жұп өздерінің ерекше қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Әлемнің дархандығы мен кеңдігін, түпсіз терең тұңғиығын, тылсым дүниенің сұлулығын сезімнің пернелерімен дөп басып, көркем өнер арқылы жеткізу және оның терең философиялық мәніне үңілу суретшінің кәсіби шеберлігі.
Әлібай Бапановтың тақырыптары да Әлем, Жаратылыс, Миф деген күрделі ойларды қозғайды. Адам баласы қарапайым қозқараспен түсіне бермейтін күрделі дүниелерді суретші өзінің ойындағы көркем қиялмен суреттейді. Суртеші өзінің картиналарында ойын айқын бейнелеп, мазмұны біртұтас қабылданатын пішіндер іздестіреді. Сондықтан да кескіндемеші өз туындысын жазып шығуда бірәз ізденістер жасап барып, бір тоқтамға келеді. Осы ізденіс үдерісі суретшінің өзіндік толғамы болғанымен, ал бізді қызықтыратын маңызды мәселе шығарманың суретші ойында қалай пайда болып өмірге келуінде. Әлібай Бапанов өзінің қиялында туылған идеяны ой елегінен өткізіп, сараптау арқылы дүниеге келген туындыны, соңғы нәтижеге жеткенге дейін бірнеше рет қайталап шығармашылық ізденістен өткізеді.
Әлібай Бапановтың шығармаларының образды шешімі, оның туындыларындағы бейне табиғаттың да, адамның да көшірмесі еместігінде. Суретші бейнелерді ауқымы мол образ арқылы шешкен. Әлібай Бапановтың шығармалары қазақтың ұлттық ертегісіндей, адамның ой-өрісін қиял қанатына мінгізіп, әлемді шарлататындай терең мазмұндылығында. Ертегі де мифке ұқсас, оның шыққан кезеңі мен пайда болған уақыты белгісіз болғанымен, онда ұлттық нақыш басым. Шығармада өмір мен адам тіршілігі қатар дамығанымен, онда өмір қайталанбайды, дегенмен бейнелер өмірден алынады.
«Өнер айналамыздағы қоршаған табиғатқа еліктеу, ал оны сол қалпында көшіру өнер емес», - деп Аристотель айтқандай, Әлібай Бапанов та табиғаттың көркем сұлулық заңдылығын пайдалана отырып, өмірде қайталанбайтын нағыз өнер туындысын жасап шығарады.
Жалпы Әлібай Бапановтың кескіндемелері мен гобелендерінің шығармашылық идеясы мен көркем тілі дәстүрлі мен заманауи өнердің синтезінде құрылған. Өнердің қайнар көзі ұлттық өзектен нәр алады.
Сауле Бапанова ғаламдағы бүкіл дүниелерді көркем қиялы арқылы біртұтас етіп асқан шеберлікпен құрастыра білген. Суретшінің жүнді ерекше технологияда және түрлі материалдармен кіріктіріп басылған құрақтары ерекше. Бастапқы кездердегі төртбұрышты ортасына тастар орнатылған майда бірнеше ұяшықтарға бөлініп тоқылған гобелендерінің мазмұны сонау бағзы заманнан бертін келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің тамырына қайтадан қан жүгірткендей. Киіз үйдің ішін кілемдер мен сырмаққа, киізге және түрлі оюлармен көмкерілген жиһаздарға толтырған қазақтың дүниелерінде кездесетін ою-өрнектің симметриялы заңдылығына бағынатын әрбір өрнек табиғаттағы тепетеңдікті киіз үйдің ішіне дарытып, адамның жанына дауа, дертіне шипа бергендей әсер етеді. Сәуле Бапанованың табиғи тепе-теңдік заңдылығына бағынған композициялары да өте әсерлі.
Жиырма бес кішірек төртбұрышты бөліктерді бір-біріне қосып жасаған Сәуле Бапанованың «Ғалам», «Жарық дүние» атты шығармасы басқа жұмыстарынан орны өзгеше. Ондағы бір бөлік екінші бөлікті қайталамайды. Әртүрлілік біртұтастыққа ие болған. Жүннен басылған кішірек төрбұрышты киіздердің ортасына бірін-бірі қайталамайтын табиғи тастар орнатылған.
Әлібай мен Сәуле Бапановалар өнерінің өзегінің тамыры тереңде жатқан ұлттық өнерімізден бастау алады. Сондықтан олардың шығармаларында ою-өрнектер жаңаша пішінге ие. Олардың шығармалары фигуративті композицияларға, ою-өрнектердің жаңаша интерпретацияланған бейнелерінен құрылған. Әлібай Бапановтың туындылары бастапқы дүниенің жаратылысы басындағы кереғарлықтың тепе-теңдік заңдылылығының архетипінде құрылған шығармалар.
Әлібай Бапановтың «Немере» атты тақырыпта жазылған кескіндемелік шығармасында қолданған таза ашық түстері адамға өте жағымды, көңілді, қуанышты әсерлі сезім силайды. Немере адам баласының ұрпақ жалғастығы. Басына кестелі қалпақ киіп, қолына немересін алған қарттың бейнесі ай іспетті иілген, сары түсті фонда жазылған. Сары түс қазақ дүниетанымдық түсінігі бойынша даналықтың белгісі. Бұндағы бейне өмірге келген тұңғыш немересін әлемге қуана жар салып және оның болашағына алаңдаған суретші бейнесі. Бапанов туындыларының бәріне дерлік ортақ композициялық ерекшелік, оның монументалдылығында. Сонымен қатар суретші дәстүрлі кескіндемешілердің майлы бояуымен бірге, кенеп бетіне басқа да материалдарды жапсыру әдісін көптеп қолданады. Кескіндемешінің қолына түскен кез-келген материал өнер туындысына айналады. Ол әрбір материалдан, тіпті қиындыдан болашақ туындысының шешімін көре біледі. Қиынды материалдан үлкен мәселелерді қозғайтын, қиялды оятатын, ой салатын туындылар шығады. Сондай жұмыстарына «Тағдыр», «Дастархан», «Тағы бір күн» атты шығармаларын жатқызамыз. Суретші дәстүрлі кескіндеме мен дәстүрлі қазақ өнерін бір-бірімен тығыз байланыстырады. Оның осы әдісте жазылған жұмыстары көп. Бапановтың жұмыстарынан қазақ дәстүрлі ою-өрнектеріндегідей ырғақ пен пластикалық көркемдік тіл айқын көріс тапқан. Оның туындыларындағы түстердің үйлесімділігі мен пішіндердің өте пластикалы орындалуынан суретшіге тән ерекше қолтаңбаны көреміз.
Бапановтың түрлі материалдар мен түстерді батыл қолдана отырып, оның кесіндемелеріндегі бояуды қанық қою қара түстен ашық сары түстерге дейін алуы, туындының мазмұнын айрықша ашуға көмектеседі. Майталман кескіндемешінің туындыларында суретшілер көп қолдана бермейтін қара түс пен басқа да таза түстер терең мазмұнға ие. Оның кескіндемелік және гобелен техникасында көркем тоқылған өнер туындылары өте монументалды орындалған. Монументалды бейнелеу өнері ескірмейді және қажетсіз қалмайды ол адамзаттың мәңгі құндылықтары болып қала бермек. Монументалды туындыларда тақырып та ауқымды, тіпті оның жазу әдісі де ерекше, суретшілер бейненің бүге-шігесін жазып жатпастан, оған жалпы біртұтас монументалдылық әсер береді.
Түрлі әдістерде тоқылған гобелендерімен, оның қарапайым композициялық құрылымымен Сәуле Бапанова қазақтың киіз басу және гобелен өнерінің көркемділігін арттыра түскен. Гобеленші қазақтың ерте кезден келе жатқан алаша, кілем тоқу, киіз басу дәстүрлі өнеріне классикалық сарын береді. Сәуле Бапанова мәдениеттер құндылығы өзгеріп, заманымыз өркениетті бола түскенімен ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін, оның көркемдік жағынан бай және мол мүмкіндіктерін аша түскен. «Үш әлем», «Мифтік құс» атты туындылары осының айғағы.
Жаңа заман жаңа талап пен сұраныс, жаңа көркем тілді қажет етеді. Өнердің инновациялық көркемдік тілін ізденіс үдерісіндегі Ағын Бапанов, өз шығармашылығын компьютердің мүмкіншіліктерімен байланыстырады. Креативтілік, шапшаңдық, жаңаша ой-өріс жастардың негізгі айқындалу ерекшелігі. Адамзат баласы жаратылғалы бері қаншама тарихи мәдени және өркениетті кезеңдерді бастан өткізді. Осы тарихи кезеңдерде адам баласының сана-сезімі дамып, ой-өрісінің шекарасы кеңейіп, бір кездері қиялмен ғана шарлайтын әлемді шынайы көзбен көріп қайтатындай нәтижеге де жетті. Осының негізінде көркем өнердің айқындаушы құралы да өзгеріп, заманына сай даму үдерісінде. Көркемдік айқындаушы құрал өзгеріп жатқанымен, өнердің мақсаты үшін – қандай әдіс-тәсілмен жеткізу маңызды емес, өнер үшін – не айтқың келеді, ең маңыздысы осы. Демек, өнер – адамның рухани болмысының материалдануы және ол «рухани ақпаратты» немесе «тектілік қорды» тасымалдаушы әдіс. Өнердің көркем тілінде, материалда орындалуы рухани ақпартты жеткізудің әдіс-тәсілдері, айқындаушы құралы. Өнерді дәріптейтін отбасында тәрбиеленген Ағынның жұмыстарынан осыны айнытпай көреміз. Жас суретші өзінің шығармаларын орындауда заманауи материалдарды пайдалана отырып, бүгінгі мәселелерді бейнелейді. Оның позитивті әсер беретін шығармалары, дәстүрлі ұлттық құндылықтарды заманауи тілде шешуімен және қарапайым дүниеден үлкен ұлағатты істі көруімен ерекшеленеді. Оның жұмыстарындағы күнделікті қарапайым тіршіліктің көріністері сияқты болып көрінгенімен, оның астарлы мазмұны терең. Сондықтан да ол бейнелерді алыстан іздеместен, өзі жақын білетін адамдардан көреді. «Жасауымен келген келін», «Теңге алу», «Соғым» және тағы басқа да жұмыстарынан отбасының нені дәріптейтінін, олар үшін ұлттық дәстүрдің қаншалықты маңыздылығымен қатар жалпы соңғы кездегі адамзатты толғандыратын мәселені байқаймыз. Ағын өз шығармаларындағы бейнелердің мазмұнын ашуда, жұмыс барысында жаңа технологиялардың көмегін пайдалана отырып және оған өзінің ойларын қосып, кейін кенепте бояумен жазу арқылы картинасын аяқтайды. Оның қанық түстер мен монументалды композициялық шешімін тапқан картиналары, адам бойында болашаққа деген сенімді тудырады. Ағын Бапановтың «Асу», «Оралу», «Мақсат» атты айрықша орындалған шығармашылық туындылары жаңа дәуірдің, жаңа көзқарастың, бейнелеу өнеріндегі сарқылмас мүмкіншіліктердің айғағы.
Әлібай мен Сәуле Бапановтардың «Almaty art» галереясындағы «Күн-Түн» атты көрмесі кескіндемелік шығармаларымен өзінің көрермендерін тәнті еткені әлі есімізде. Бұл көрменің ерекшелігі осы уақытқа дейін көбінесе гобелендерімен танымал болған суретші көрермендерін кескіндемелік туындыларымен таң қалдырды. Көрмеге қойылған жұмыстарының ішінде позитивті энергиясымен қараған адамды өзіне тартып алатын шығармасының бірі – «Күн» атты туындысы. Галерея залының дәл ортасынан орын алған «күн» атты туынды кескіндемешінің шығармашылығын жарықтандырып, жарқырата түскендей. Бұнда үлкен кенеп бетін толтыра орын алған алтын Күн, мәңгі жасайтын мифтелген бейнеде суреттелген. Күнді көтеріп тұрған жылқы шексіз аспанда оны қозғалысқа ендіріп, қалықтап бара жатқандай әсер береді. Әлібай Бапановтың күн бейнесі қазақтың түпсанасында ғасырлар бойы сақталған және үнемі қайталанып тұратын архетиптік бейне.
«Ерте күнде отты күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар...» - деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың осы өлең шумақтарындағыдай Бапановтың бұл туындысында күннің бейнесі қазақ елінің бүгіні мен болашағының мызғымас мәңгілігін меңзеп тұрғандай әсер етеді. Мәңгі жасайтын күнге ұқсас қазақтың бүгінгі заманда қайта жаңғыруы.
Бапанов мәңгі қозғалыс әлеміндегі аспан мен күнді және бұлттардың бейнесін нақты пішінде көрсетеді. Бапанов, қарапайым адам байқай бермейтін әлемдегі болып жатқан құбылыстарды, өзгерістерді бақылап көре білетін өте нәзік сезімтал суретші. Кескіндемеші үшін шынайы әлем көрінісі поэтикалы қабылданады. Өнертанушы Баян Карибаевна көрменің ашылу салтанатында айтқандай: «Әлібай Бапанов үлкен, шексіз әлемді аядан кенеп бетіне сыйғыза білетін суретші». Бапанов шығармашылығы әлем мен диние көріністерін терең рухани сезімдерге бойлата, оларды көркем шығармашылыққа айналдырады. Сондай жұмыстарының бірі «Өмір», «Бұлттар» атты туындыларын айтуға болады.
О бастан-ақ өнер, біздің сезімдерімізді оятудан бастау алады, сол алған әсерден қандай да бір үн қатылып, осы бір ерекше сәт біздің естелегіміздің қазынасына айналып, суретші өнерімен дүниенің жасырын сырларын ұғынып, содан кескіндемешінің бақылауы мистикалық тереңдікке бойлай түседі. Жарықтың құдыретемін көрінген заттар өз атауын жоғалтып, жарық пен көлеңкенің түзілімінде ерекше мәнге ие болып, жан дүниемізбен жарастық тауып, оны іштей ұғынып, өнер шығармасында қайта жаңғырта аламыз.
Бапановтың посмодернистік иронияда орындалған шығармасы ретінде «Ойпырмай» жұмысын айтуға болады. Бұнда алуан сызықтар мен түрлі түстердің араласуынан туындайтын бейнелер мен көріністер адамды еріксіз шытырман ойларға жетелейді.
Ал, Сауле Бапанованың жүннен өте жұқа етіп басылған киім үлгілерінің «Сейхун толқындары» атты топтамалары өзінің табиғилығымен және әсемдігімен көрмеге көрік бергендей әсер етті.
Бұл көрменің ерекшелігі ойнақы ашық түсте, көркем орындалған кескіндемелер адам бойына шаттық силап, күш-қуат берсе, шытырмандығы адамды терең ой иірімдеріне жетелейді.
Жер адамзаттың кең үйі болса, «Аспан» оның үлкен шаңырағы, осы үлкен шаңырақтың астындағы бүгінгі күнгі «Аспан» атты көрмеде суретшілер өздерінің жаңа өнер туындыларымен, заманауи шығармашылық ізденістерімен ерекшеленеді.
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
филос.ғ.к., өнертанушы Оразқұлова Қ.С.